Меню KDT


Кішкенекөл №1 орта мектебі туралы




 

Ұлттың рухани байлығы – білімінде,  ұстанар бағыты –  тәрбиесінде, ал білім мен тәрбиенің сарқылмас бұлағының көзі­ – мектепте. Мектеп  – білім мен талантты шыңдар білім ордасы. Облысымыздың ең шалғай ауданы, Уәлиханов ауданында орналасқан  52 жылдық  тарихы бар Кішкенекөл №1 орта 1971 жылы құрылды. Орналасқан жері Жамбыл көшесі 102А.

 Алғашқы мектеп директоры – Шоль Федор Романович. Сондай-ақ ұстаздықтың ауыр жүгін арқалаған,  өзінің уақытын аямаған, өзгенің уақытын аялаған тұлғалар, Есенов Ж.М., Жапарова К.Г., Буксман Э.Е., Бейсекин О.Б., Белгібаев А.К., Абишева Г.Г., Калиев С.К., Бектемиров А.Х., Дюсембаев Е.Е. мектеп директоры қызметін атқарды. Ал 2010 жылдың шілде айынан бастап мектебіміздің басшысы қызметін Балтабаев Марат Жұмағұлұлы атқарып келеді. 

         Ұстаз жолы өнеге демекші, ұстаз беделі қоғам үшін қашанда биік. Осындай беделі биік тұлғаның бірі – география мұғалімі болған Мажитова Даляфруз Габдусалямовна, Таттыгожина Алия Шамшиевна, Касенова Салтанат Масгутовна. Осындай бірегей ұстаздар өте көп – Белгібаев Абылай Қихматұлы, Шаримов Амангелді Шәрімұлы, Балтабай Зейнулұлы, Жантлеуова Алма Қайырбекқызы, Уахитова Сая Калиевна.

         Сондай – ақ, республикаға белгілі ғалымдар, докторлар, хирург, әдебиет пен өнер тарландары осы мектептен түлеп ұшты. Мектеп ұжымы өзімізден оқу бітірген, еліне қадірлі болған  түлектерімізді үнемі мақтан тұтады, еңбек жолдарын шәкірттеріне үлгі етіп айтып отырады. Олардың қатарында белгілі хирург – Тоқпанов Серік, опера алыбы – Жолдыбаев Қайыржан Набиевич, тарих ғылымының докторы – Мажитов Саттар Фазылович,  профессор, тіл ғылымының докторы Болатбаева Қарлығаш Лекеровна есімдерін мақтанышпен айтуға болады.

Кызыров Олег мектебіміздің түлегі, №1 мектеп түлектеріне арналған «Мектеп вальсі» әнінің авторы, бард, композитор, Санкт-Петербургте тұрады.

Өнерін бағалаған халық өрге жүзер дегендей мектебімізде «Сәлем» студиясы Хамитов Қанат басшылығымен жұмыс істеді Олар көптеген сайыстардың, «Солтүстік жұлдыздары» т.б. жеңімпазы атанды.

Шакенов Жұмабек Шакенович музыкант, ардагер ұстаз. Оның қызы Шакенова Данагүл Жумабековна біздің мектептің түлегі қазір аудандық өнер  мектебінің басшысы.

Мектебіміздің түлегі, еліміздің мақтанышы Алтынбек Аусағитов. Азия Кубогынын чемпионы, 2023 жылы Қазақ күресі бойынша Әлем Кубогының чемпионы.

Ризабек Айтмұхан - еркін күрестен Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тұңғыш әлем чемпионы. Сербия астанасы Белградта өткен әлем чемпионатында 92 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы Ризабек Айтмұхан ақтық белдесуде әзірбайжандық Осман Нурмагомедовты жеңіп, небәрі 19 жасында әлем чемпионы атанды.

Мектебіміздің мақтан етер түлектері осылар, алда талай мектебіміздің мерейін асыратын түлектер шығады деген ойдамыз.

Мектеп ұжымы да күнделікті өзгеріп жатқан қоғамның әр ісінен қалыспай, еңбек етіп жатқан үлкен ұжым. Мектебімізде барлығы 74 мұғалім, оның ішінде педагог-зерттеуші –  14, педагог-сарапшы – 12, педагог-модератор – 22 еңбек етеді. Мектепте барлығы 496 оқушы қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Мектептің оқу мен оқыту жүйесі «Оқыту процесіне білім берудегі инновациялық педагогикалық технологияларды енгізу арқылы оқушыға білім беру сапасын арттыру» проблемасын шешу мақсатында жоспарлы жұмыс жасауда. Мектеп қазіргі заман талабына сай жабдықталған, атап кететін болсақ химия, информатика, тарих, қазақ тілі мен әдебиеті кабинеттері бар. Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесіне келетін болсақ, соңғы 19 жыл ішінде 34 алтын белгі, 17 үздік аттестат иегері.

Мектептің оқыту жүйесіне бағдарлама идеясын енгізу мақсатында бірнеше кәсіби қоғамдастық жұмыс істеуде, басқа мектептер арасында жыл бойы бірнеше семинарлар мен конференциялар өткізді. Облыстық деңгейде ұйымдастырылатын түрлі сайыстар мен фестивальдарға, педагогикалық оқуларға ұстаздарымыз белсенді қатысады.

2021 жылы Оқас Амангелді облыстық қазақ тілінен диктант жазу байқауының жеңімпазы (2 орын), А.Қ.Сагимбаева «Русский язык как иностранный в международном образовательном пространстве» республикалық олимпиадасының жүлдегері (2 орын), О.Б.Канжигалин облыстық «Үздік тарих кабинеті» байқауының жеңімпазы (3 орын), 2022 жылы Ж.К.Баймурзина «Кенгуру лингвист» халықаралық ағылшын тілі мұғалімдері байқауының жүлдегері (2 орын), Темірханова А.Б. облыстық бастауыш сынып олимпиадасының жеңімпазы (1 орын), республикалық (2 орын).

Физика пәнінің мұғалімі Қошманова Нұрғайша Қаткенқызы, педагог-зерттеуші, Ы.Алтынсарин медалінің иегері. «Солтүстік Қазақстанның 100 тұлғасы» кітабына енген, физика пәні мұғалімдерінің 2022 жылғы Халықаралық олимпиадасының 3-орын иегері.

2021 жылдың желтоқсан айынан бастап мектебіміз ЮНЕСКО клубтарының Қазақстан ұлттық федерациясының мүшесі болып табылады.

Мектеп түлектерінің жетістіктері: Новосибирск қаласында өткен «Сибирь зажигает звезды» атты сайысында гран-при иегері Жанай Әділ және «Бала Түрквижен» ән байқауының  финалисті, «Аялаған Астана» республикалық байқауының қатысушысы, биылғы жылы өткен «Бала дауысы» байқауының әншісі, он бесінші Абай әндерінің үздік орындаушысы, лауреаты Диарат Динаны ерекеше атап кетуге болады. Бұл оқушылардың осындай жетістікке жетуі мектебіміздің музыка пәні мұғалімі Жанай Нұрболаттың еңбегі деп білеміз.

2023 жылы Голубцев Александр жалпы білім беру пәндері бойынша Президенттік олимпиадасының кезеңінің жеңімпазы, республикалық кезеңінің қатысушысы.

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім тәрбие беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік қағидаттарын сіңіруде ұстаздардың еңбегі зор. Білім мен өнерді қатар ұштастырған киелі білім ордасы алдағы күннің талабына сай зор міндеттерді орындауды мақсат етеді.

Опрос

Статистика

  • Осы айда61
  • Осы аптада9
  • Кеше0
  • Бүгін0
  • Желіде:0